
«ШЫҒЫС САЛБУРЫНЫ – 2026»: АЗИЯ КУБОГІНЕ 174 ҚЫРАН ТІРКЕЛДІ
8 октября, 2026
ҚҰСБЕГІЛІКТЕН АЗИЯ КУБОГІ: АЛҒАШҚЫ ЖАРЫС КҮНІ ҚАЛАЙ ӨТТІ?
9 октября, 2026Шығыс Қазақстан облысында «Шығыс Салбурыны – 2026» халықаралық құсбегілік фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ұлан ауданының Бозанбай ауылы маңындағы «Бүркіт төбе» жарыс алаңында он мемлекеттің саятшылары бас қосып, халықаралық шараның туы көтерілді. Биыл фестиваль аясында алғаш рет құсбегіліктен Азия кубогі ұйымдастырылып отыр. Екі күнге жоспарланған додада спортшылар бүркіт, қаршыға және ителгі салудан чемпиондық атақтар мен жүлделі орындар үшін бақ сынайды.
Халықаралық турнирге Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Қытай, Түркия, Испания, Мажарстан, Грузия, Моңғолия және Өзбекстаннан келген құсбегілер қатысуда. Жарысқа барлығы 174 құс тіркелді. Құстардың басым бөлігі бүркіт болғандықтан, алғашқы күні осы бағыттағы бәсекелер өтеді.
Халықаралық доданың негізгі дайындық жұмыстары 8 қазанда жүргізілді. Сол күні жарысқа қатысатын құсбегілер «Бүркіт төбе» алаңына келіп, қырандарын алдағы сынға әзірледі. Мандаттық комиссия барысында құстардың белгіленген талаптарға сәйкестігі тексеріліп, жеребе арқылы спортшылардың сайысқа шығу кезектілігі анықталды.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін Бірінші Азия кубогінің спорттық бағдарламасы басталмақ. Бүгін құсбегілер бүркіт салудан қолға шақыру және шырғаға салу кезеңдерінде сынға түседі. Бұл бәсекелерде қыранның бабымен қатар, саятшының құсты басқару шеберлігі, құстың шақыруға жауап беруі және шырғаға түсу әрекеті бағаланады.
Турнирге 10 адамнан тұратын төрешілер алқасы төрелік етеді. Олар үш бағыт бойынша өтетін сайыстардың барысын қадағалап, қатысушылардың нәтижелерін жарыс ережелеріне сәйкес бағалайды.
Бүгін «Бүркіт төбе» алаңында ауа райы құбылып, жаңбыр жауып, жел соғып тұр. Соған қарамастан, халықаралық бәсекеге қатысушылар алғашқы сынға сақадай сай.
Ал ертең бүркіт салудан шешуші бәсекелер жалғасып, қаршыға және ителгі салудан да жүлделі орындар сарапқа салынады.
Турнирдің өтуіне Республикалық Құсбегілік Федерациясының Бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ ҚР Туризм және спорт министрлігі мен «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі қолдау көрсетуде.




