
«ШЫҒЫС САЛБУРЫНЫ – 2026»: ҚҰСБЕГІЛІКТЕН БІРІНШІ АЗИЯ КУБОГІ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
11 октября, 2026Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты Айдарлы ауылында Мәсіп Батырханұлы атындағы «Қансонар – 2026» халықаралық құсбегілік турнирінің жеңімпаздары анықталды. Еліміздің әр өңірінен жиналған құсбегілер мен Түркия, Моңғолия және Ресейден келген спортшылар бүркіт, қаршыға және ителгі салудан шеберлік байқасып, жүлделі орындар үшін бақ сынады.
Халықаралық дода 19 қазанда мандаттық комиссияның жұмысымен басталды. Комиссия мүшелері қыран құстардың құжаттарын тексеріп, олардың жарыс талаптарына сәйкестігі мен сайысқа дайындығын бағалады. Жеребе тартылып, турнирге барлығы 75 қыран тіркелді. Оның 48-і бүркіт, 16-сы ителгі, 11-і қаршыға.
20 қазанда сағат 09:00-де негізгі жарыстар басталды. Бәсекенің шымылдығын бүркітті қолға шақыру сыны ашты. Одан кейін ителгіні қолға шақыру кезеңі өтіп, түстен кейін жарыс бүркітті шырғаға, қаршығаны кептерге салу және ителгімен далбай айналдыру сындарымен жалғасты. Құсбегілер әр кезеңде қырандарының дайындығы мен өз шеберліктерін сынға салды.
21 қазанда халықаралық турнир шешуші кезеңге ұласты. Ақтық сындарда жүлделі орындар сарапқа салынып, үш бағыт бойынша үздіктер анықталды.
Бүркіт салудан Ақмола облысының өкілі Шыңғыс Валихан қарсыластарынан озып, бірінші орынды жеңіп алды. Ақтөбе облысының құсбегісі Байрақ Тастанбек күміс жүлдеге ие болса, Алматы қаласынан қатысқан Жандарбек Сағидуллаев қола жүлдені еншіледі.
Қаршыға салудан Жамбыл облысынан қатысқан Берікболсын Жалғасұлы жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Астаналық Ерасыл Серікбекұлы екінші орынға тұрақтаса, Ресей Федерациясының өкілі Акжол Карчиганов үшінші орынды иеленді.
Ителгі салудан Қарағанды облысының өкілі Темірәлі Төлегенұлы алтын жүлдені жеңіп алды. Ақмола облысынан келген Ерлан Кенжетаев күміс жүлдегер атанса, Түркияның құсбегісі Мутлу Кызылбуга қола жүлдеге қол жеткізді.
Халықаралық турнир жеңімпаздар мен жүлдегерлерді салтанатты марапаттау рәсімімен аяқталды.





