
Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған құсбегілік турнирі басталды
27 ноября, 2025
ҚҰСБЕГІЛІКТЕН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА САПЫНДА КІМДЕР СЫНҒА ТҮСЕДІ?
31 августа, 2026Қазақстанның құсбегілік құрамасы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу үшін Қырғызстанға аттанды. Халықаралық додада еліміздің атынан тоғыз құсбегі «Бүркіт салу», «Ителгі салу» және «Қаршыға салу» бойынша бақ сынайды.
31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты бүгін Бішкекте өтуде. Негізгі жарыстар мен мәдени-ғылыми іс-шаралар 2–6 қыркүйек күндері ұйымдастырылады.
Қазақстандық құсбегілер дүбірлі додаға тыңғылықты дайындықпен аттанды. Соңғы айларда спортшылар қырандарын жарысқа баптап, жаттығу жұмыстарын күшейтті. Алдағы бәсекеде құсбегілердің шеберлігі мен қырандардың бабын қатар сынайтын жауапты жарыстар күтіп тұр.
Ортақ мақсат – халықаралық додада ел намысын абыроймен қорғап, қазақстандық құсбегілік мектебінің деңгейін таныту.
Құсбегілік сайыстары 2–3 қыркүйек күндері өтеді.
«Бүркіт салу» бойынша:
Байкадамов Ерзат,
Кушкаров Арман,
Тумурзин Руслан.

«Ителгі салу» бойынша:
Кенжетаев Ерлан,
Есентаев Сұлтансері,
Бабажан Бақдәулет.

«Қаршыға салу» бойынша:
Аршабай Даурен,
Жалғасұлы Серікболсын,
Махмұтхан Заки.

Құсбегілік – халқымыздың саятшылық дәстүрімен сабақтасқан, ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан төл өнер. Бүгінде бабадан жеткен бұл мұра халықаралық деңгейдегі ірі жарыстарда дәріптеліп, қазақстандық құсбегілер әлемнің үздіктерімен қатар сынға түсіп жүр. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – ұлттық құсбегілік дәстүрін кеңінен танытып, қазақстандық спортшылардың шеберлігін халықаралық аренада көрсететін маңызды алаңдардың бірі.
Қырғызстандағы бәсекеде әр құсбегі жеңіс үшін ғана емес, ел абыройы үшін сынға түседі. Бұл додаға спортшылар ұзақ уақыт дайындалып, қырандарын бабына келтірді. Енді сол еңбектің нәтижесін көрсететін шешуші сәт жақын.
Ел намысын арқалаған құсбегілерімізге сәттілік!
Қырандарымыз биіктен көрініп, көк Туымыз көкте желбіресін!

Айта кетейік, құсбегілеріміздің VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуына Республикалық Құсбегілік Федерациясының Бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ ҚР Туризм және спорт министрлігі, «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ қолдау көрсетуде.




