
СЕРІКБОЛСЫН ЖАЛҒАСҰЛЫ VI ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНДА АЛТЫН ЖҮЛДЕ ИЕЛЕНДІ
3 сентября, 2026Қырғыз Республикасында өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы құсбегіліктен төрт жүлдеге қол жеткізді. Үш бағыт бойынша сынға түскен ұлттық құрама бір алтын, екі күміс және бір қола жүлде иеленіп, дүбірлі додада жоғары нәтиже көрсетті.
Биыл құсбегілік бәсекелеріне 10-нан астам мемлекеттен келген спортшылар қатысып, «Бүркіт салу», «Ителгі салу» және «Қаршыға салу» бойынша жүлделі орындарға таласты. Қазақстан атынан тоғыз спортшы бақ сынады. Тартысты өткен сайыстардың қорытындысында ұлттық құрама үш бағыттың барлығында жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Құрама сапындағы ең жоғары нәтижеге Серікболсын Жалғасұлы қол жеткізді. «Қаршыға салудан» сынға түскен ол қарсыластарынан озып, бірінші орынды иеленді. Осылайша, Қазақстан құрамасына осы бәсекедегі алтын жүлдені әкелді.

«Бүркіт салудан» Арман Қошқаров үздіктер қатарынан көрінді. Ол жарысты екінші орынмен аяқтап, күміс жүлдеге қол жеткізді.

«Ителгі салу» бәсекесінде Қазақстан құрамасының бірден екі спортшысы жеңіс тұғырына көтерілді. Бақдәулет Бабажан екінші орынды иеленсе, Ерлан Кенжетаев үшінші нәтижеге қол жеткізді. Осылайша, бұл сайыста ұлттық құрама қоржыны тағы бір күміс және бір қола жүлдемен толықты.

Айта кетейік, құсбегілеріміздің VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуына Республикалық Құсбегілік Федерациясының Бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ ҚР Туризм және спорт министрлігі, «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ қолдау көрсетуде.




