
«БҮРКІТ ТӨБЕДЕ» ЧЕМПИОНДЫҚ АТАҚ ҮШІН ТАРТЫС ҚЫЗА ТҮСПЕК
10 октября, 2026
БІРІНШІ АЗИЯ КУБОГІ: ҚАРШЫҒА САЛУДАН АЛТЫН ЖҮЛДЕ ИЕГЕРІ АНЫҚТАЛДЫ
10 октября, 2026«Шығыс Салбурыны – 2026» халықаралық фестивалі аясында құсбегіліктен Бірінші Азия кубогінің бүркіт салу бәсекесі мәресіне жетті. Екі күнге созылған тартысты додада Жамбыл облысының өкілі Серікболсын Жалғасұлы алтын жүлдені жеңіп алып, турнир чемпионы атанды.
Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Бозанбай ауылы маңында орналасқан «Бүркіт төбе» алаңында өткен жарысқа бүркіт салудан 103 қыран тіркелді. Алғашқы күні құсбегілер қолға шақыру және шырғаға салу кезеңдерінде бақ сынады. Бүгін бәсеке жалғасып, шешуші сайыстардың қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Күміс жүлдені Астана қаласының спортшысы Ерасыл Серікбекұлы иеленді. Ал қола жүлделер Ақмола облысының өкілі Бергенбай Тастанбек пен Алматы қаласынан келген Аяжан Даниярқызына бұйырды.
Биыл халықаралық фестиваль аясында алғаш рет ұйымдастырылған Азия кубогі 10 мемлекеттің құсбегілерін бір алаңға жинады. Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Қытай, Түркия, Испания, Мажарстан, Грузия, Моңғолия және Өзбекстаннан келген саятшылар бүркіт, қаршыға және ителгі салудан жүлделі орындарға таласты.
Жарыс қарсаңында өткен мандаттық комиссия отырысында тіркелген құстардың белгіленген талаптарға сәйкестігі тексерілді. Сондай-ақ жеребе арқылы қатысушылардың сайысқа шығу кезектілігі анықталды.
Бүркіт салудан Бірінші Азия кубогінің жеңімпазы мен жүлдегерлері салтанатты түрде марапатталды.
Турнирдің өтуіне Республикалық Құсбегілік Федерациясының Бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ ҚР Туризм және спорт министрлігі мен «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі қолдау көрсетті.




